3,5 млн теңгенің әшекейі ұрланды: Астанада бұрын сотталған ер адам ұсталды

3,5 млн теңгенің әшекейі ұрланды: Астанада бұрын сотталған ер адам ұсталды
ашық дереккөз

Астанада пәтерден 3,5 млн теңгеден астам зергерлік бұйым ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, елорда тұрғыны үйінен шығарда пәтерінің кілтін есік сыртында қалдырып кеткен. Кейін үйіне оралғанда, ішінен бейтаныс ер адамды көрген. Әйел есікті қағып, одан шығуын талап еткен. Күдікті есікті ашып, қашып кеткен.

Полиция пәтерден төрт гауһар тасы бар алтын сақина, үш алтын алқа және үш жұп алтын сырға ұрланғанын анықтады. Жалпы шығын 3,5 млн теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол – бұған дейін осыған ұқсас қылмыс үшін жауапқа тартылған 25 жастағы ер адам.

Ұрланған зергерлік бұйымдар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.