Қазақстанда оқушылардың білімін бағалау талаптары қатаңдатылмақ. Жаңа тәртіпке сәйкес 5-11 сынып оқушысы бір немесе екі пәннен жылдық қорытынды баға ретінде «2» алса, жазғы кезеңде қайта жиынтық бағалаудан өтеді. Нәтижесі қанағаттанарлық болмаса, оқушы оқу жылын қайта оқуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
31-арнаның «Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, жаңа бұйрық бойынша 1-сынып оқушыларына баға қойылмайды. 2-4 сыныптарда 10 балдық бағалау жүйесі сақталады.
Ал 5-11 сынып оқушыларының бір немесе екі пәннен жылдық бағасы «2» болса, жазда қайта бағалаудан өтуіне мүмкіндік беріледі. Нәтиже болмаған жағдайда жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы бір рет сынақ тапсырады. Одан да өте алмаса, оқушы сол сыныпта қайта қалады.
Ата-аналар бұл талапқа қатысты әртүрлі пікір білдіріп отыр. Кейбірі оқушының сыныпта қалу қаупі оның білім алуға деген жауапкершілігін арттырады деп санайды. Олардың пікірінше, оқушыны үлгеріміне қарамастан келесі сыныпқа өткізе беру біліміндегі олқылықтардың жиналуына әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар ата-аналар қазіргі мектептерде үлгерімі төмен оқушыларға қосымша сабақ пен басқа да қолдау көрсету мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Неймеген университетінің зерттеушілері 14-16 жастағы 10 мыңнан астам оқушының деректерін зерттеп, жасөспірімдердің оқу үлгеріміне құрдастары мен әлеуметтік ортасы әсер ететінін анықтаған.