14 тамыз. Бүгін қазақстандық спортшылардан кімдер шығады?

14 тамыз. Бүгін қазақстандық спортшылардан кімдер шығады?

"Жексенбі, яғни 14 тамыз күні қазақстандықтар әдеттегідей Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында ел мықтыларының бірнеше спорт түрінен өткізетін сайыстарын тамашалай алады", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілішісі.

Тартысты бәсекелер шымылдығы Астана уақытымен 03:30-да 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов пен венесуэлалық спортшы Габриель Маэстре арасындағы жекпе-жекпен ашылады. 30 жастағы Маэстре - бокстан Венесуэла құрамасының капитаны. 2015 жылы Панамерикалық ойындардың чемпионы атанған, 2013 жылы әуесқойлар арасында өткен әлем чемпионатында қола ілген былғары қолғап шебері. Ал біздің 25 жастағы баһадүріміз 2013 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Сонымен қатар, 2010 жылы және 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанған халықаралық санаттағы спорт шебері. Данияр - Батыс Қазақстан облысының тумасы. Қазіргі уақытта Астанада әкесі Марат Елеусіновтің қол астында жаттығады. 1/8 финалда Данияр британдық боксшы Джошуа Келлиден басым түскен еді.

Уақыт тілі 03.45-келгенде 91 келіге дейінгі салмақта бокстасатын қазақстандық Василий Левит кубалық боксшы Эрисланди Савонға қарсы жұдырықтасатын болады. Екі дүркін Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы Василий Левит 1/8 финалда қытайлық Юй Фэнкайды, ал ¼ финалда маврикиялық Кеннеди Сен-Пьеррді тізе бүктірген. Дегенмен, келесі қарсылас - оңай шағылар жаңғақ емес. 26 жастағы Э.Савон - 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлде иегері, 2008 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, Панамерикалық ойындардың чемпионы, ұлттық біріншіліктердің бірнеше дүркін чемпионы.

Таңға жақын, сағат 04:45-те аса ауыр салмақта 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық боксшы Иван Дычко шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы әзербайжандық Могамедрасул Меджидов. Меджидов - екі дүркін әлем чемпионы (2011, 2013).

2013 жылы ақтық сында ол Иван Дычконы нокаутқа жіберіп, алтын медальді жеңіп алған болатын. Дычко үшін бұл жекпе-жек ардың ісі болмақ.

Кешке сағат 18.00-де қазақстандық спортшы Юрий Юрков нысана көздеуден сынға түседі. Ол винтовкамен атудан 50 метрлік қашықтықта нысана көздеу бойынша сынға түседі.

19.00-де грек-рим күресінен ерлер арасындағы 59 келі салмақ дәрежесінде күресетін Алмат Кебіспаев пен 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Досжан Қартықов боз кілемге шықпақ.

Сағат 20:00-де қазақстандықтарды тағы бір қызық жарыстардың бірі күтіп тұр. Апалы-сіңілі Александра мен Екатерина Немичтер әдемі спорттардың бірі - синхронды жүзуден бақтарын сынайды. 2016 жылы наурызда Бразилияда өткен лицензиялық жарыста олар Олимпиада Ойындарына жолдама ұтып алған болатын. 21 жастағы қос қызымыз Қазақстан чемпиондары және 2014 жылғы Азия ойындарының екі дүркін қола медаль иегерлері. Тоғыз жастан бері осы спортта жүрген спортшы қыздарды Жанна Демченко жаттықтырады.

Қазақстандықтардың ішінде кешкі олимпиадалық жарыстарды әйелдер боксы тәмамдайды. Сағат 20:15-те қазақстандық боксшы Дариға Шәкімова канадалық спортшы Ариан Фортирмен күш сынасады. 28 жастағы Дариға 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады. 2010 жылы Азия чемпионатында чемпион атанған қызымыз Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы. 

Ұлт порталы