10 қаң, 2026 сағат 13:16

Алакөл мен Қорғаста шетелдіктерге арналған казино аймағы ашылуы мүмкін


Фото: Elements.envato.com


Жетісу облысында құмар ойын бизнесі мен туризмді дамытуға арналған әлеуетті жер телімдері айқындалды. Билік өкілдерінің айтуынша, казино салу мәселесі өңірді дамытудың жалпы тұжырымдамасы, қала құрылысы талаптары мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер ескеріле отырып қарастырылуда, деп хабарлайды Ult.kz.


Жобаларға сәйкес, болашақта ашылатын құмар ойын орындарына тек шетел азаматтары ғана кіре алады. Сонымен қатар, бұл аумақтарда туризмге қатысты инфрақұрылым да қатар дамытылмақ. Атап айтқанда, қонақүйлер, мейрамханалар, мәдени-сауықтыру және рекреациялық нысандар салу, инженерлік және көлік желілерін жетілдіру жоспарланып отыр.


Қазіргі таңда құрылыс жобалары әлеуетті инвесторлармен келіссөз кезеңінде. Жауапты басқарманың мәліметінше, инвесторларды іріктеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Барлық заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін тиісті келісімшарттар жасалмақ.


Айта кетейік, Қазақстанның бірқатар өңірінде тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтарын құру мүмкіндігіне қатысты сауалнама жүргізілген. Туризм министрлігінің дерегінше, Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы казино салуға қарсы емес. Алайда сауалнамаға нақты қанша адамның қатысқаны көрсетілмеген.


Болжамға сәйкес, 2029 жылға қарай өңірге жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист келуі мүмкін. Бұл шамамен 700 жаңа жұмыс орнын ашуға және жылына 2,4 миллиард теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.