17 сәу, 2019 сағат 10:32

Түркістанда өгей ана үш қызын ұрып-соғып, пышақпен тілгілеген

Түркістан облысы Жетісай қаласында өгей шешенің қорлығын көрген үш қыз оқиғасына қатысты Білім және ғылым министрлігі шұғыл іс-шаралар қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Түркістан облысында ауыл мектебінің мұғалімдері оқушылардың денесінен ісік пен ұрып-соғу іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырған. Кейін аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған. Балаларды жәбірлеген әйел бірден полицияға жеткізілді. Өгей анасы балаларын ұрып-соққан, денелерінде пышақ іздері бар. Аталған іс Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Білім және ғылым министрлігі тарапынан бақылауға алынды. Аталмыш факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр» делінген хабарламада.

Осы орайда Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинованың тапсырмасымен министрдің кеңесшісі Раиса Шер жедел түрде Түркістан облысына аттанды.

Түркістан облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, соққыға жығылған оқушы үйіне жіберілмей, туған апасына жеткізіліп, қазіргі таңда толық қауіпсіз жерде.  

Бүгінгі таңда қылмыстық кодекстің 140-бап, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жіберілген. Сонымен қатар, қамаққа алу түріндегі жазаны орындау бойынша шара қолданылғаны белгілі болды. Ата-ана құқығынан тек өгей анасын ғана емес, сондай-ақ әкесін де айыру жөніндегі сұрақ қарастырылып жатыр.

Еске салайық, өңірдегі әлеуметтік желі белсендісі Әсет Әссанди өзінің фейсбуктегі парақшасында Жетісай ауданында тұратын өгей шешенің қыздарына қорлық көрсеткені туралы жазба таратқан болатын.

Онда келіншектің үш жеткішек қызға ине тығып, тоңазытқышқа отырғызып қойғаны және қайшымен денелеріне жарақат салғаны айтылады.

«Апалы-сіңлілі - 2003 жылғы Салима, 2005 жылғы Мәншүк, 2007 жылғы Милана. Бұл қаракөздеріміздің көрмеген қорлығы қалмапты. Өгей анасы, 1991 жылғы Көбеева Жұлдыз фашистерден де асып түскен сияқты. Кәмелет жасына толмаған қыздардың тырнақтарының астына қайта-қайта ине тығып, жылайын десе, ұрып-соғып «күліп тұр» деп, жандарына батып тұрса да, езулерін тартқызып, тоңазытқышқа бірталай уақыт отырғызып қинап, қайшымен денелеріне жарақат салып, шайларына гель қосып беріп ішкізіп, тіпті жыныстық мүшелерін кемпірауызбен қысып, жарақат салып жүрген екен. Бұл қыздардың көрген азаптары адам айтқысыз. Жетісайдан табылмаған арашаны Түркістан облысының басшылары, заң орындарынан, денсаулық сақтау басқармасынан сұраймыз! Қаракөздерімізді жылатуға жол бермейік! Және әлгі өгей шешелерін қатаң жазаға тартайық» - деп жазады Әсет Әссанди.