23 шіл, 2019 сағат 12:40

Тағы бір инспектор браконьер қолынан мерт болды

Ақмола облысы ауруханаларының бірінде браконьерлермен күрескен табиғатты қорғау инспекторы қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Державинск қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторы оқ жарақатынан қайтыс болды. Екінші инспекторға сол ауруханада ота жасалып жатыр», - деп жазды ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Еске салайық, осыған дейін "Охотзоопром" инспекторлары ақбөкендерді атқан браконьерлерді қуып, салдарынан жарақаттанды. Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда жатқаны хабарланды. 

23 шілдеде шамамен 11:00-де Ақмола бекініс пунктінің "Охотзоопром ӨБ" РМҚК орталық аймақтық филиалының инспекторлары табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау мен бұлтартпау шараларын өткізу барысында Ақмола облысы Жарқайың ауданының аймағында ақбөкен ату дерегін тіркеген. 

Екі инспектор браконьерлердің соңынан қуып кеткен. "Нива" автокөлігінің мемлекеттік нөмірін анықтау мүмкін болмаған. Нөмірдің Қостанай облысынан екені ғана белгілі болды.