14 там, 2017 сағат 08:26

«Шейх Халилдің» шырғалаңы

Абдухалил Абдужаббаров «шейх Халил» лақап атымен көпке танымал. Шілденің 25-інен бастап оның ісі Орал қалалық сотында қаралуда. ҚР Қылмыстық Кодексінің 164-бабы бойынша Абдухалил Абдужаббаров «діни өшпенділікті қоздырғаны үшін» деп айыпталуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, ол 2000 жылдары еліміздің батыс аймағында терроризм мен экстремизмге үгіттейтін  уахаббилік «тәкпір» жамағатының идеологиясын насихаттаған. Осыған орай радикалистік көзқарастағы ағымның зардабы жөнінде «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының төрағасы, теолог Ержан Жұмағожиевті әңгімеге тарттық.

– Ержан Ергенұлы, елімізде пиғылы бөтен діни ағымдардың жолын кесу бағытында елеулі іс-шаралар қолға алынуда. Бұған «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры қаншалықты өз үлесін қосуда?

– Қоғамдық қор қызметін биылғы маусым айында бастады. Яғни, деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмектесу, рухани және материалдық көмек көрсету, заңгерлік-құқықтық кеңес беру, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында үгіт-насихат жүргізу, БАҚ арқылы деструктивті ағымдарды әшкерелеу мақсатында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыстанамыз. Дәстүрлі Ислам   негіздерін тұрғындарға түсіндіру үшін облыстағы мешіт имамдарымен тығыз байланыс орнаттық. Бүгінге дейін өңірдегі деструктивтік ағымдардың жетегіне ерген 300-ге жуық адаммен кездесіп, оларды райынан қайтару мақсатында сөйлестік. «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының қарауында білім-білігі жоғары 8 теолог-маман бар және әріптес ретінде 40-тан астам мешіт қызметкері мен протестанттық бағытта ағымдарға қарсы 2 христиан өкілі қызмет етеді.

 – Қазіргі уақытта діни ортада «шейх Халил» атымен радикалды үгіт-насихатымен көзге түскен Абдухалил Абдужаббаровтың ісіне қатысты Орал қаласында бірнеше сот отырысы өтті. Еліміздің арнайы қызметі оның қазақстандықтар арасында уахаббилік сенімді кеңінен таратқанын мәлімдеді. «Шейх Халил» туралы кеңірек айтсаңыз. 

– Абдухалил Абдужаббаровтің жасы 42-де. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының тумасы. 1993-1999 жылдары аралығында Пәкістан Республикасының Исламабад қаласында орналасқан Халықаралық Ислам Университетінде гуманитарлық теология ғылымдарының саласы бойынша Ислам іліміне қатысты терең білім алған. Абдужаббаров аталған университетте оқыған кезінде экстремистік идеологияны үгіттейтін «тәкпірлік» ағымның арбауына түсіп, 1994 жылы заңсыз жолмен Ауғанстан Республикасының аумағына өтеді. Кейін осы елдің аумағындағы террористік іс-қимыл дағдыларын, оның әдіс-тәсілдерін терең меңгерген «мұджаһидтерді» (содырларды) даярлайтын арнайы лагердің қарауында  жаттыққан.  

1999 жылдың маусым айы мен 2003 жылдың ақпан айы аралығында Абдужаббаров Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы жеке «Даруль-Арқам» медресесінде мектеп жасындағы балаларға құран оқуды үйрететін мұғалім, Қазақ-Кувейт гуманитарлық академиясының дінтану факультетінің кафедра лаборанты, аға оқытушысы лауазымдарында қызмет атқарған. Осы мерзім ішінде ҚР Конституциясын және өзге заңнамаларын мойындамай, «тәкпірлік» көзқарастағы теріс ағымды толықтай кеңінен насихаттауға түбегейлі бекиді.

Батыс өңірінің мешіттерінде араб тілін білетін, діни білімі мол мамандардың тапшы екенін білген «шейх» 2002-2006 жылдары Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын мұсылмандар, соның ішінде, дінге енді бет бұрған, ислам дінінен хабары аз жастар арасында исламдағы фундаменталистік «тәкпірлік» идеологияны тарату, олардың дәстүрлі ислам дініне деген көзқарасын экстремистік бағытқа бұру бағытында жұмыстанады. 2003 жылы Атырау қаласындағы «Иманғали» атындағы орталық мешітінің жанында ашылып жатқан медресеге араб тілін үйрететін мұғалім қызметіне кіріседі. Кейін Абдужаббаровтың радикалдық көзқарасы әшкереленді. Мешіт жамағатының арасында алауыздық (фитна) тудырып, оның беделін имамнан жоғары қоятын, «шейхтің» айтқанымен ғана жүретін топтар пайда болғаны анықталған соң, қызметінен қуылады. Дегенмен ол өзінің идеологиясынан бас тартпай, жақтастарын үгіттеп, Атырау қаласының Рембаза ауданында ҚМДБ-ға бағынбайтын «Ат-Тахуа» мешітін салдырған. Құқық қорғау құрылымдарының назарына іліккенін сезген Абдужаббаров Атырау қаласындағы ушығып келе жатқан жағдай қалыпқа түскенше Орал қаласында уақытша тұруға шешім қабылдаған. Оралдағы жергілікті мұсылмандардың діни сауаты төмен екендігін және өзінен білім алуға құлшыныс танытқандар саны көп екендігін байқаған Абдухалил «тәкпірлік» идеологиясын таратуын жалғастырған.  Өзінің үгіт-насихатына құлақ асқандардың саны көбейгенін ескере отырып, Абдужаббаров мешіт имамына бағынбай, өзімен келіспегендерді «мурджиит» (адасқандар) деп айыптауға шақырады. Діни келіспеушіліктер салдарынан мешітке келушілер арасында жік түседі. 2004-2005 жылдары  бір-екі мәрте қысқа мерзімге Ақтөбе қаласында болған Абдужаббаровтың құлшылық орындарында осындай алауыздықтың орын алуына себепші болады. Ел аумағында «тәкпірлік» идеологиясын таратуға тосқауыл қойылғанын түсінген Абдужаббаров жақтастары арасында ізбасарларын дайындап, аудиожазбалардағы уағыздарын диск және кассеталар арқылы таратады. Абдужаббаровтың экстремистік бағыттағы аудиодәрістері 2007-2011 жылдары интернеттегі көпшілікке қолжетімді сайттар арқылы кеңінен таралып кеткен.

2006 жылдың мамыр айының орта тұсында Қазақстанның батыс өңіріндегі Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары наразылық танытуына байланысты экстремистік іс-әрекеттері әшкереленіп, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық қудалауға ұшырайтынын сезген Абдужаббаров отбасы мүшелерімен Қазақстан аумағынан шетелге жылыстайды. Түркия Республикасы арқылы, Сауд Арабия Корольдігіне өтіп, аталған елде 2017 жылға дейін тұрақтайды.

– «Шейх Халилдің» сыбайластары да жазадан құтылмады емес пе? 

– 2007-2016 жылдары Абдужаббаровтың ықпалымен радикалды «тәкпір» идеологиясын ұстанған террористік топ мүшелері  М. Мақұлбек (діни лақап есімі – «Абдулазиз», «Ат-Тахуа» мешітінің имамы), Қ. Мұхамбетқалиев («Шейх Қайрат»), М. Испаев, Е. Ахатов тұтқындалды. 2011 жылы Атырау қаласында «шейх Халилдің» 47 жақтаушысы және тағы басқа сыбайластары экстремистік және террористік қылмыс жасағандары үшін сотталды. Олар бес уақыт намазын оқымайтын азаматтарды және құқық қорғау құрылымдары мен билік өкілдерін «кәпірге» жатқызып, оларға «тәкпір» жариялаған, күпірлікке қарсы қарулы «жиһад» жасау идеяларын қолдап, діни өшпенділікті қоздырған.

Сонымен қатар, Абдужаббаровтың «ізбасарлары» Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға қатысу үшін отбасыларын бірге ертіп әкетіп, ата-аналарың көз жасына қалды. Солардың ішінде, 2004-2006 жылдары «шейхпен» жақын араласып, уағызын тыңдап, ықпалына түскен Даурен Алдоңғаров, Ержан Көпболсынов және Бейбіт Рысқалиевтерге террористтік іс-әрекеттерге қатысқаны үшін  құқық қорғау органдарымен халықаралық іздеу жарияланған.

– «Тәкпір» жамағаты жөнінде қысқаша айтсаңыз?

– Тәкпіршілер өз жамағатынан басқалардың бәрін кәпір санайды. Оның идеологиясы Мысыр мемлекетінде қалыптасқан «Такфир әл-Хиджра әл-Джихад» сектасынан бастау алады. Олар көптеген мұсылман елінде террористік акцияларды ұйымдастырған. Кейін Еуропа құрлығы мен АҚШ аумағына кеңінен таралып, Қазақстанда радикалды топтардың қалыптасуына негіз болды.

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының мүшелері түрмеде отырған Абдухалилдің «шәкірттерімен» сөйлескенде, олар «шейхтің» сөзіне алданғанына өкінетінін айтады. Өмірінің соңғы 9 жылында ИШИМ-нің террористік ұйымдарымен байланыста болғанын Сауд Арабиясының арнайы қызметі ұдайы назарда ұстаған. 2015 жылы Мәдина қаласында тұтқындалған оны Қазақстан билігі биыл ақпан айында елге депортациялайды. Елімізде заңмен тыйым салынған «Тәкпір» идеологиясы өте қауіпті. Сондықтан жастардың жат ағымға еріп кетпеуін қоғам болып қадағалағанымыз жөн.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Ұлт порталы