31 қаз, 2019 сағат 12:11

Пойыздағы өрт: Қаза болғандар саны 73-ке жетті

Бүгін таңертең Пәкістанда жүрдек пойызда тұтанған өрттен мерт болғандар саны 73 адамға жетті, деп хабарлайды APP.

Әлемдік БАҚ-тардың жазуынша, қазіргі уақытта өрттен қаза тапқандар 73 адамды құрап отыр. Бұдан бұрын 60-тан астам жолаушы қаза тауып, 30-ы зардап шеккенін хабарлаған едік.

Ел президенті Ариф Алви мен премьер-министр Имран Хан Карачиден Равалпиндиге бет алған пойыздан шыққан өрттен көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Оқиға Лиакатпур қаласында болды.

Премьер-министр құзырлы билік органдарына оқиғадан зардап шеккендерге шұғыл және сапалы медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

APP мәліметінше, өрт жолаушылар өздеріне таңғы ас әзірлеп жатқан кезде газ баллонының жарылуынан шыққан. Жалын эконом-санаттағы екі вагонды және бизнес-санаттағы бір вагонды шарпыған.