24 там, 2018 сағат 22:04

Қызылордада «100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымы өтті

«100 жаңа оқулық: заманауи мемлекеттік басқару жүйесі және стратегиялық жоспарлау» TALKS форматындағы кездесу барысында үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударудағы жобаның артықшылықтары айтылды.

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев кездесудің ашылуында сөз алып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа  оқулық» жобасының қазақстандық студенттердің білім сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы ретте мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміз үшін рухани сілкініс жасаған тың бастама болды. Осы мақсатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес Сыр өңірінде 600-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бәсекелік қабілетін арттыру, ақпараттық және сандық технологияларды игеру, заман талабына сай зияткер ұрпақ тәрбиелеу – біздің негізгі міндетіміз», - деді аймақ басшысы.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа  оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып жатқан оқулықтар туралы «Ұлттық аударма бюросының» директоры, Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы баяндама жасап, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Барлық оқулықтарды «Қазақстанның ашық университеті» - openu.kz порталынан таба аласыздар. Бұдан басқа, біз қазақ және орыс тілдеріндегі әрбір оқулықтың онлайн дәрістерін осы кітаптардың мазмұнына қол жеткізудің тағы бір үлгісі ретінде енгізуді жоспарлап отырмыз. Дәрістің мәтіндерін тыңдап әрі конспект түрінде оқуға мүмкіндік болады», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тағы да 30 оқулықты аудару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық» жобасының аясында әлемдегі үздік 18 оқу құралы қазақ тіліне аударылды.

Философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, бизнес, дінтану, лингвистика, мәдениет, антропология және журналистика пәндері бойынша оқулықтар 110 қазақстандық жоғары оқу орнының кітапханасына жіберілді. Солардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасы да бар.