29 қар, 2016 сағат 20:16

Қайым Мұхамедхановтың 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне арнап жазылған өлеңі табылды

ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Қайым мұрасын жинақтаушы, "Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет қорының" директоры Дина Қайымқызының архивінен ғалымның 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне арнап жазылған өлеңі табылды.

Өлең араб графикасымен жазылған. Бүгінгі графикаға түсірген тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин.

 

ЖАМАЛИТТЕНОВКЕ! (КОМ - Н)

Халқын сатып, қанға бөккен қанды ауыз,
Жемтік жалмап, жалаңдаған жалмауыз.
Қу құлқынға құл болған сұм, сұрқия,
Сен - арам ниет, сен – қарабет, сен – жауыз!

Иттен туып, іннен шыққан секілді,
Көз көрмесін арсыз қара бетіңді.
Күңіреніп, көкке сауып ақ сүтін,
Сені тапқан қайран ана өкінді!

Мәңгүрт-доңыз отырды-ау деп төрімде,
Ғұламитдин дөңбекшіді көрінде.
Ата-анаңның қарғыс атқан жүзқара
Қараңды өшір, жат өкіріп көріңде!

Қызыл қыршын қазақтың қыз-ұлдарын,
Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын
(Мәңгі бақи ел есінен кетер ме)
Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!

Тұншығарсың шәйіттердің қанына,
Жанталасып, сая таппай жаныңа.
Қара жерде тітіркеніп, жиреніп,
Жан жоламас өлексеңнің маңына!

12.05.1407 – 20.12.1986. Қайым Мұхамедханов

 

Амантай Исиннің өлеңге жазған коментарийі:

«Мәскеудің саяси диктатурасына болған қарсылықты биліктің жалған насихаттауына және 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі аяусыз басып-жаншылған кейінгі күндерде жазылған, ашулы өлең. «Жамалиттенов» (солай жазылған) деген фамилияның астарында, 1986 жылы халық қозғалысын қаралаушының рөлін атқарған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Камлиденов болуы мүмкін. Оны көптеген адамдар Желтоқсан трагедиясының ең негізгі себепкері ретінде санады. Тақырыптан кейінгі жақша ішіндегі «ком-н» деген сөз, қысқартылған «коммунистен» деген сөз болуы мүмкін. Хиджра бойынша датадан соң, жалпы қабылданған жыл санағы қойылыпты».