20 қаз, 2018 сағат 13:50

Білім беру саласы сынақ полигонына айналды

Әр министр келген сайын бір реформа! Білім беру саласы сынақ полигоны сияқты. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде білім саласына жасалған реформаларды санасаңыз саусағыңыз жетпейді. Ал оның салдары туралы айтпай-ақ қояық.

Кеше Қарағанды халқымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осы реформашылдықты сынға алды. Әрине, осы 30 жылғы реформалар біздің білім жүйемізді дамыған елдер санатына сүйреп алып шыққан болса қанеки. Бірін бірі жоққа шығаратын реформалардан ұстаздар қауымы да шаршаған. Айлық жалақылары да төмен. Соның кесірінен білікті ұстаздар қатары да кеміп кеткен. Осы мәселеге ерекше тоқталған Қ.Тоқаев «Қазақстанның мұғалімдерінің ерен еңбектері құрметтеуге лайықты.

Алайда ұстаздардың айлық жалақыларының деңгейі ең төменгілердің қатарында болып келді (республикалық орташа еңбекақы деңгейінің 66%-ы). Ендігі жерде ұстаздардың еңбектеріне ақы төлеу жүйесі қайта қаралады. Бұл Елбасы Жолдауында айтылды.


Тынымсыз еңбектері үшін педагогтарды ынталандыру – дұрыс білім берудің басты кепілі. Мектеп мұғалімінің беделін де осылай көтеру қажет. Мұғалімнің орташа еңбекақысы басқа еңбек салаларына қарағанда анағұрлым төмен болып тұрған кезде мектепке дарынды, кәсіби деңгейі жоғары жас мамандарды тарту қиынға соғады», - деді.

Әділбек ҚАБА