15 қар, 2018 сағат 12:17

Ақышев: Жаңа жүйеге сәйкес нашар банктер мәжбүрлі түрде таратылады

Алматыда өтіп жатқан қаржыгерлер конгресінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев банктерге қойылатын заманауи талаптарды атады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

«Экономиканың дұрыс дамуы банктердің қаржылық тұрақтылығына тікелей байланысты. Осы орайда біз банктерді заман талабына бейімдеу жұмыстарын қолға алдық. 2 жылда 5 банктің лицензиясы қайтарылды. Бұған корпоративтік стандарттары төмен және тәуекелдерді басқару жүйесі әлсіз банктер ілікті. Сонымен қатар, көп банктер өзара байланыстағы тұлғаларға қарыз бергені, қаржылық есептерді жалған етіп көрсеткені үшін қаржы жүйесінен шығарылды», - деді бас банкир.

Д. Ақышев Казкоммерцбанк банкінің сауықтыру процесі басталғанын, оның Халық банкіне қосылғанын айтып өтті. Осының нәтижесінде тек Қазақстан емес, ТМД көлемінде бәсекеге қаілетті қаржы институты пайда болды.

«Ұлттық банк банк секторының тұрақтылығын арттыратын кешенді бағдарлама құрды. Басты мақсат - банктерді акционерлердің қаржысын тарта отырып сауықтыру. Бұл өз кезегінде бірнеше жыл стагнацияда тұрып қалған бизнесті несиелендірудің қайта жандануы септігін тигізбек. Сау банктердің экономиканы несиемен қамтуының көлемі 7 пайызға артқан», - деді ол.

Оның айтуынша, осы бағытта бірнеше жұмыс атқарылып жатыр. Оның бірі - алдын ала шешіп алуға болмайтын жинақ шоттары ашылғанын, халықтың банктердегі жинақтарына максималды мөлшерлеме қойылғанын атап өтті.

«Салымдардың бәріне ортақ шарттар енді өзгерді. 1 қазаннан бастап салымдарға мерзімі, түрі, толықтыру құқығына қарай максималды мөлшерлеме қойылады», - деді ол.

Ұлттық банк банктерді бақылауда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жүйеге көшті.

«Енді біз проблемалық банктерді реттеу (Recovery and Resolution tools) жүйесіне көшіп жатырмыз. Бұл жүйеге сәйкес нашар банктер мәжбүрлі түрде таратылады. Бұл жаңашылдықтар халықаралық тәжірибеде өте жақсы баға алды», - деді ол.

Бас банкирдің айтуынша, талқылау институтының ашылуы қаржылық ұйымдардағы алғашқы проблемаларды анықтауға, инвесторлардың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған.

Төлем қабілеттілігі нашар банктерді анықтау режімі жетілдірілетін болады.

«Әңгіме, банк активтерінің сапасын жан-жақты бағалау туралы. Біздің ойымызша бұл рәсім тек банктердің өзіне қажет нәрсе. Тәуелсіз бағалау инвесторлардың қаржылық институттарға сенімін арттырады», - деді Ақышев.

Айта кету керек, бүгін Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресі басталды. Маңызды жиын төл теңгеміздің дүниеге келгеніне 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.