26 сәу, 2017 сағат 13:46

Ақтөбеде депутаттың әйелі мұғалімдерге үйінің кірін жуғызып, тамағын жасатқан

Ақтөбеде мұғалімдерге үйінің кірін жуғызып, тамағын жасатқан мектеп директоры қызметінен кетті. Аудандық мектепте шыққан дауға қатысты облыстық білім басқармасының басшысы түсініктеме берді, - деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі Қарғалы ауданы Жосалы ауылындағы мектепте ата-аналар мен мұғалімдер БАҚ өкілдеріне жантүршігерлік жағдайды баяндаған болатын.

Мектеп директоры мұғалімдер мен қоластындағы қызметкерлерін үйінің шаруасына жұмсаған. Баласын баққызған, кірін жуғызған, тамағын пісірткен. Тамақты талғап ішіп, бұйырып сөйлейтін директордың алдында құлша жорғалаған мектеп қызметкерлері ашынып бас көтерген еді. Олар жазған арызда өздері жұмыстан шығып кетпеу үшін айтқанына көніп, айдауына жүргендері баяндалған. Оған себеп жоқ емес.

Мектеп директорының күйеуі ауданда мәслихат депутаты. Шыдамдары таусылған ұстаздар наурыз айында облыс әкімдігіне, прокуратураға арыз жазған.

«Жосалы ауылының тұрғындарынан мектеп директорының үстінен арыз түсті. Арызға байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасалып жатыр. Кеше мектеп директорымен, ауыл тұрғындарымен өзім кездестім. Түсініспеушілік наурызда басталған. Мектеп директоры негізсіз төрт қызметкерді жұмыстан шығарған.

Екі адам денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз құжаты болғанына қарамастан жұмыстан шығарылған. Екі адам өз еркімен жұмыстан шығуға арыз жазған. Қазіргі уақытта жұмыстан шығарылған төрт адамды қайта орналастыру шаралары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова.

Білім басқармасы ушыққан мектеп мәселесін дер кезінде қолға алмағанын мойындады. Мұғалімдерді қолдау үшін ата-аналар балаларын сабаққа жібермей, мұғалімдер журналистерден көмек сұраған кезде ғана білім басқармасы мектепке барған. 18 оқушы ұстаздарын қолдау үшін екі күн сабаққа бармай қалған. Сапарбаевтан үнемі сын естіп, «өтірікші» шенеунік атанған облыстық білім басқармасының басшысы шу шыққан мектепке екі айдан кейін ғана барғанын мойындады.

«Мектепке кеше бардым. Оған дейін барған жоқпын. Мектеп директоры мектепте жасайтын келіншектерді үйіне шақырып тамақ жасатқан. Директордың өзі олардан көмек сұрадым деп айтып отыр. Мен тексеретін құзырлы мекеме емеспін. Бірақ қызметкерлердің директордың үйінде жұмыс жасағаны анықталып отыр», – дейді Сәуле Өмірбекова.

Аудандағы Жосалы ауылдық округінде орта мектепті 14 жыл басқарған Гүлмира Биісоваға қатысты қазір прокуратура мамандары тексеріс жүргізіп жатыр. Білім басқармасының басшысы мектеп директорының өз еркімен жұмыстан шығуға арыз жазғанын айтты.