Ақтөбе облысының полициясы сейсенбі күні Өзбекстан азаматын және Ақтөбе тұрғынын бостандықтарынан айырып, құлдықта ұстап келген деген күдіктіні ұстағандарын мәлімдеді. Бұл туралы Centralasian.org жазды.
Облыстық ішкі істер департаментінің таратқан мәлімдемесіне қарағанда, «дәстүрлі емес діни ағымның өкілі» 31 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған.
Ол 14 сәуірде тұтқындалған. Күдіктінің аты-жөні әзірге айтылмайды. Үйін тінту кезінде қару-жарақ табылған.
Полицияның ақпараты бойынша, осыған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдікті бұл жолы 1965 жылы туған Өзбекстан азаматын және 1974 жылы туған Ақтөбе тұрғынын ұрлап, оларды құлдықта ұстап келген деген айыппен сотталуы мүмкін.