14 сәу, 2026 сағат 12:05

Жүргізуші куәлігін алу жеңілдей ме, әлде қатаңдай ма?


Фото: gov.kz


Енді азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз тапсыра алады. Дегенмен әр әрекет арасындағы аралық кемінде 10 күнтізбелік күн болуы тиіс. Бұл туралы Үкіметте жүргізуші куәлігін беру рәсімін жетілдіруге арналған кеңесте айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қазіргі тәртіп бойынша үміткерлерге 3 тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі емтихан 1 күн аралықпен тапсырылады, ал үшінші мүмкіндік 30 күннен кейін беріледі. Аталған мүмкіндіктер таусылған жағдайда қайта оқудан өту талап етілетін. Жаңа өзгерістер осы жүйені икемдірек етуге бағытталған.


Кеңес барысында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, емтихан процесінің ашықтығын арттыру, әділдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және жүргізушілерді даярлау сапасын көтеру мәселелері қаралды.


Жаңашылдықтардың бірі – емтиханды ақылы түрде, шектеусіз тапсыру мүмкіндігі. Бұл ретте әр әрекет арасында 10 күндік аралық сақталуы тиіс.


Сонымен қатар академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Ұлттық тестілеу орталығы теориялық емтихан тапсырмаларына психометриялық талдау жүргізіп, олардың шынайы білім мен дағдыны бағалау қабілетін тексереді.


Емтихан процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу де көзделген. Бұл тыйым салынған құрылғыларды пайдалануды азайтып, бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді.


Цифрлық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту де маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта оларды аса маңызды ақпараттық объектілер қатарына енгізу қарастырылып отыр.


Сондай-ақ емтихан ережесін бұзғандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұл талап үміткерлерге де, заңсыз көмек көрсететін тұлғаларға да қолданылады. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға дейін айыру шарасы қарастырылуы мүмкін.


Бұдан бөлек, автомектептердің қызметіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Олардың жұмысы жүргізушілердің дайындық сапасы мен азаматтардың кері байланысы негізінде бағаланады. Лицензиялау жүйесін енгізу де жоспарланған, ал сапасыз даярлаған жағдайда лицензиядан айыру мүмкіндігі бар.


Жалпы алғанда, жаңа шаралар жүргізуші куәлігін алу процесін ашық әрі әділ етуге, артық кедергілерді азайтуға және жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.