25 мам, 2022 сағат 21:29

Жеңілдетілген автонесие: жаңа шарт туралы жалған ақпарат тарады


Әлеуметтік желілерде мақұлданған жеңілдетілген автонесие бойынша көлік сатып алмаған қазақстандықтар қара тізімге енгізіліп, оларға 2 жыл бойы несие алуына тыйым салынатыны туралы хабарлама тарап жатыр. Бұл ақпаратты Өнеркәсіпті дамыту қорының баспасөз қызметі жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, азаматқа жеңілдетілген несие беру мақұлданса, бірақ 1 ай ішінде қандай да бір себептермен көлік сатып ала алмаса, ол 2 жылдан кейін ғана жеңілдетілген автонесие алу үшін өтініш бере алады.

"Көлік бар екеніне көз жеткізуіңіз керек", - делінген таралған хабарламада.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Жеңілдетілген несие бойынша көлік сатып алуға тыйым салынатын 2 жыл мерзімі бағдарлама бойынша көлікті нақты сатып алған күннен басталады", - деді Өнеркәсіпті дамыту қорының баспасөз қызметі өкілі.

Еске салайық, бұған дейін жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша Қазақстандағы алғашқы автомобиль берілгені хабарланған болатын.