22 шіл, 2019 сағат 08:31

Жедел жәрдем қызметіне 800 жаңа көлік беріледі

Елордада жедел жәрдем бригадалары мен стационарлық қабылдау бөлімдерінің арасындағы IV республикалық жарыс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысып, бұл шара тек конкурстық сипат алмай, тәжірибе алмасып, біліктілік шыңдайтындай басқосу болуы тиіс екенін айтты.

«Министрлік жедел жәрдем қызметін реформалауға үлкен мән беріп отыр. Өздеріңіз білесіздер, екі жыл ішінде саладағы стандарттар мен ережелерді өзгерттік. Өткен жыл мен оның алдындағы жылға қарағанда биыл жедел жәрдемнің жету уақыты 25 минуттан 15 минутқа қысқарды. Бұл халықаралық стандартқа жақын. Жедел жәрдем өкілдерінің негізгі бөлігін базалық стандарттар бойынша оқыттық. Осының арқасында шетін жағдайлар азайып, жан сақтау шараларының нәтижесі жақсарды», - деді ведомство басшысы.


Елжан Біртановтың айтуынша, саланы жетілдіру әлі де бірнеше жылға жалғаспақ.

«Бұл реформалар әлі жалғасады. Ол үшін негізгі деген үш бағыттты айқындап алдық. Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметінің жүктемесі өте тығыз. Көптеген елдермен салыстырғанда халықтың саны мен жедел жәрдем шақыру санының ара қатынасы бізде өте жоғары. Тіпті бұл тұрғыда жағдайы бізге ұқсас деген Түркияның өзінде бұл көрсеткіш бізден әлдеқайда төмен. Жедел жәрдемге медицналық көмектің анықтамалық қызметіндей қарайтындар бар. Сол үшін бастапқы медициналық көмек пен учаскелік дәрігерлердің рөлін көтермекпіз. Негізгі аурулармен солар айналысып, жедел жәрдем тек шұғыл жағдайларда көмекке келу керек. Яғни, адамдар кез келген жағдай бойынша жедел жәрдемге жүгінуге мәжбүр болмауы керек. Биыл бірінші рет жедел жәрдемге жүгінушілер саны азайып отыр. Жыл басында Елбасы жедел жәрдем қызметін толықтай машинамен жабдықтауды тапсырған болатын. Осы жылдан бастап сол тапсырма аясында арнайы бағдарламаны іске асырамыз. Екі жыл ішінде жедел жәрдем өкілдері 800 стандартты көлікпен қамтылатын болады. Бұл көліктерді отандық кәсіпорындар жетілген стандарт бойынша құрастырып жатыр. Бұл сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетіп, қызметтеріңіздің тиімділігін арттырады», - деді министр.