02 жел, 2024 сағат 13:04

Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш ашылды


Фото: Orda.kz/ Александра Мохирева

Алматы облысының Кеген ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған бюсттің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұған қоса, Кегендегі балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, ғимарат толық жөндеуден өтті.
Шараға мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, сондай-ақ Нұрқаділовтің жақындары мен туыстары болды.

Ескерткішті Заманбек Нұрқәділовтің ұлы Қайрат ашты.

Салтанатты шара барысында құттықтау сөздер айтылып, қайраткердің еңбектері еске алынды. Сонымен қатар, оның «Не только о себе» атты кітабы қонақтарға таратылды.

«Ескерткіш болуы керек еді, бірақ ақырында бюст ашып жатыр. Бұл шешім түсініксіз. Сонымен қатар, Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты «суицид жасады» деген нұсқаны өшіріп, кім өлтірді екенін анықтау қажет», 
деді Алтынбек Сәрсенбайдың ағасы әрі белсенді Рысбек Сәрсенбай.


Еске сала кетейік, Заманбек Нұрқаділов – Алматы қаласының және Алматы облысының әкімі, сондай-ақ Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол батыл мәлімдемелерімен және саяси реформаларды қолдауы арқылы халық есінде қалған.