18 ақп, 2025 сағат 11:27

Ұлытау облысында жеті кенші қаза тапты: қайғылы оқиғаның мән-жайы

Фото: 24kz

Президент үкіметке төтенше жағдайдың себептерін мұқият тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Газ жарылған

Төтенше жағдай 17 ақпан күні сағат 16:50-де Жаңаарқа ауданындағы "Жомарт" кенішінде болған. "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, алдын ала мәліметке сәйкес корпорация кеніштеріне тән емес табиғи газдың жарылысы болған.

«Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС трагедияның барлық мән-жайын анықтауда толық көмек көрсетуде», - делінген хабарламада.


«Қазақмыс» басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Жеті кенші қаза тапты

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ына тиесілі кеніштен жетінші қызметкердің мәйіті табылды.

Жеті қызметкердің денесі жер бетіне көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне берілді.

Қаза тапқандардың отбасыларына көмек

«Қазақмыс» ұжымдық келісімшартқа сәйкес «Жомарт» кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсететін атап өтті.

«Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 млн теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді», - делінген хабарламада.


Компанияның мәлімдеуінше, асыраушысынан айырылуы бойынша ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несиесін жабу, отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрі қарастырылады.

Қылмыстық іс

Апатқа қатысты ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды.

Оқиға орнында Ұлытау облысы Полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

Кеніш туралы

"Жомарт" кен орны "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-нің Жезқазған мыс қорыту зауытына тиесілі және вахталық әдіспен жұмыс істейді – 15 күндік екі ауысыммен. Кеніш 2006 жылы іске қосылған. Мұнда жылына 3,6 миллион тоннаға дейін мыс-сульфидті кен өндіріледі. Кеніште мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жезқазған мыс қорыту зауыты – "Қазақмыс" корпорациясының негізгі бөлімшелерінің бірі.