Шымкенттегі жекеменшік мектептің информатика мұғалімі бірінші сынып оқушысына жыныстық сипаттағы әрекет жасады деп айыпталды. Алайда іс Қылмыстық кодекстің жеңілірек жаза көздейтін бабы бойынша қаралып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, 36 жастағы мұғалімнің әрекеті сыныптағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Баланың анасы полицияға арызданған. Оның айтуынша, оқиғадан кейін қызы мектепке барудан қорқып, жиі жылай бастаған. Отбасы психолог көмегіне жүгінген.
Полиция күдіктінің әрекетін Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы — 16 жасқа толмаған балаға сексуалдық сипаттағы тиісу бойынша саралаған. Алайда істі қараған сот әрекетте бұдан да ауыр қылмыстың белгілері болуы мүмкін деп, оны қосымша тергеуге қайтарған.
Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. Осылайша, іс 121-1-бап бойынша қаралатын болды. Бұл бап бойынша қоғамдық немесе түзеу жұмыстары түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін.
Мұғалім өз кінәсін мойындамай отыр.