Сәрсенбі күні Бұқар баба басында түнеген атты сапар Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің ауылына бет алды.
Саяхатшылар Айрық қыстауындағы Сәтбай Шөтікұлының жұрағаттары жерленген қорымға соғып, марқұмдар рухына құран бағыштады. Бұл зиратта ұлы академиктің әкесі Имантай жерленген.
Бұдан әрі «Имантай қорасы» деп аталатын жазықта төбе басында орнатылған белгітасқа бұрылды. Алыстан менмұндалайтын бұл белгітас ұрпақ жадына мәңгілік ескерткіш. Себебі бұнда «Қаныш Сәтбаевтің дүниеге келген жері» екендігі жазылған. Аттылар алдағы жылы 120 жылдық мерейтойы келе жатқан Алаштың біртуар ұлына жасалар құрмет те ерекше болар деген сеніммен аттанды.
Академик ауылы – қазіргі Теңдік ауылының сыртындағы қабірстанға да арнайы бұрылған экспедиция осы қорымда жерленген Қаржас руынан шыққан атақты би Шорман Күшікұлының үлкен ұлы Мұса Шорманов рухына дұға бағыштады. Мұса мырза Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Ол Баянауылда тұңғыш мешіт салдырған әрі би, әрі шешен.
Ауылға жеткен серілерді ауыл ақсақалдары қарсы алды. Экспедиция басшысы Орал Сартаев пен Алдамжар Алтынбек Ұлы Отан соғысында мерт болған боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік кешке ұласқан ұлағатты шара, академик музейін аралаумен жалғасты.
Ауыл ақсақалы Серік Аутаев қадірлі меймандардың алдында немересін тұңғыш рет атқа отырғызып, қазақтың «Ашамайға мінгізу» дәстүрін дәріптеді. Ұлттық ойындар да назарға ұсынылып, ауыл азаматтары теңге алу сайысына түсті.
Сал аттылар Мәшһүр Жүсіп Көпеев ауылына жол тартты.
Арнайы Ұлт порталы үшін Қаныш Сәтбаев ауылынан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ