"Ұлт тағдыры" қозғалысы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына Әміржан Қосановты кандидат ретінде ұсынды. Бұл шешім қозғалыстың 26 сәуірде Алматыда өткен жиынында қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
«Бүгін біз сайлауға қатысатынымызды жариялаймыз. Екіншіден, үміткер ретінде белгілі саясаткер, 20 жыл бойы саясатпен айналысып келе жатқан Әміржан Қосанов «Ұлт тағдыры» атынан сайлауға түседі», - деді «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері Дос Көшім.
Қосанов президент болса "елдегі экономикалық мәселелерді шешіп, партияларды тіркеу жолын жеңілдететінін және парламент сайлауына барлық партиялардың қатысуына мүмкіндік жасайтынын" айтты.
Сондай-ақ, ол Орталық сайлау комиссиясы кандидатурасын тіркесе, сайлауда негізгі қарсыласы "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев болатынын мәлімдеді.
"Тоқаевтың әкімшілік ресурсы мықты. Бірақ менің артымда халық тұр. Теледебатқа да дайынмын" деді ол.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Ерте сайлауға кандидаттар ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:
- Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);
- Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы;
- Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы;
- Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға қатысудан бас тартты.
Әміржан Қосанов 1964 жылы Қызылорда облысы Сапақ ауылында дүниеге келген. Белгілі саясаткер. Негізгі мамандығы журналист. 1994-1997 жылдары Әкежан Қажыгелдин басқарған үкіметтің баспасөз хатшысы болды. 1998 жылы Қажыгелдин басқарған Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, 2005 жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2009 жылы ЖСДП мен Азат партиялары қосылды. Ол осы бірігуге атсалысып, партия басшылығында болған тұлғаның бірі. Дегенмен 2013 жылы партия ішінде іріткі болып, ол лауазымды қызметінен босады.
Ал былтыр мамыр айында "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылды. Оған "Ұлт тағдыры", "Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры", "Болашақ" жастар қозғалысы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйым енді. Әміржан Қосанов та бүгіндері осы форумның мүшесі. Осылайша оппозициялық ұйымдардан көңілі қалған саясаткер соңғы кездері ұлтшылдар қатарына келіп қосылған.