Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов наразылық танытқан Арыс тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Шымкент қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Бүгін Шымкент қаласының əкімі Ғ.Əбдірахымов Темірлан тас жолын бөгеп, наразылық танытқан Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы Арыс қаласын қалпына келтіру ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес Үкіметтің тұрақты назарына алынғандығын мəлімдеді. Барлық тұрғындарға ел болып көмек көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Шымкент қаласының тұрғындары да эвакуацияланған азаматтарға барынша қолдау білдіріп, көмек беріп жатқандығын түсіндірді» делінген хабарламада.
Әкімдіктің хабарлауынша, Шымкент әкімі қала аумағында 56 эвакуациялық пукттер ашылып, оларда барлығы 39400 азамат тіркелгенін атап өткен.
«Эвакуациялық пункттердің барлығына бірінші кезектегі тауарлар мен азық-түлік тауарлары тұрақты жеткізіліп отырғандығына назар аударды. Жолды жабу арқылы Шымкент қаласы аумағынан жер, үй талап ету ешбір заңға сəйкес келмейтіндігін айтып, наразы халықты сабыр сақтауға шақырды» деп жазылған ақпаратта.