23 ақп, 2024 сағат 11:36

Трамвайды қайда жібердің — Меруерт Түсіпбаева Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбекке шүйлікті


Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева Instagram әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында кептелістер туралы сөз қозғап, Алматыда трамвайларды толығымен алып тастау қате шешім болғанын айтты. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды. 

Еуропада саяхаттап жүрген өнер қайраткері елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарап отырған жоқ. 

"Неткен, момын халықпыз?! Алматы тұрғындары болып, трамвайды сақтап қала алмадық! Шетелге келсем, трамвай көрсем, қатты мұңға батамын. Трамвай – қаламыздың көркі еді. Одан кейін экология жағынан пайдалы транспорт. Қазір қаламыз трамвайға зәру. Кептелістің азаятын түрі жоқ. Трамвай көрсем, өзегімді өкініш өртейді. Сол кезде бір адам Байбекке қарсы шықпады. Қолыма плакат алып, "тиметрамвайға!" деп жазып алып, өзім болсам да шығу керек еді. Өткенге өкінгенімен пайда жоқ", – деп жазды әнші. 


Өнер иесі қаладан трамвайды алдырып тастаған сол кездегі қала әкіміне іздеу салды. 

"Қазақтар қолдағы бар дүниенің басына су құюға шеберміз. Мен үндемесем, сен айтпасаң, жұртымыз не болады?!. Байбек мырза, сіз қайдасыз осы?! Храпунов "жеді, ішті, қашты" деп ренжідім. "Ұлты басқа ғой, жаны ашымады қазақтарға" деп топшыладық. Сіз – қазақсыз ғой?! Алматының трамвайы қайда?! Шетелде жүрсеңіз, елге бірге қайтайық!", – деп шүйлікті эстрада әншісі.