31 мам, 2020 сағат 19:37

Трамп Флойд өлімінен кейінгі шеруге қатысы бар деген "Антифа" қозғалысын террористік топқа жатқызды

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-де "Антифа" қозғалысын террористік ұйымдар тізіміне кіретінін мәлімдеді.

Ақ үй елді шарлап кеткен наразылық шерулер барысындағы тәртіп бұзу әрекеттері үшін қозғалысты айыптап отыр.

Наразылық акциялары Миннесота штаты Миннеаполис қаласының 46 жастағы афроамерикалық тұрғыны Джордж Флойдтың 25 мамыр күні полицей қолынан қаза табуынан кейін басталды. Жергілікті полицей Дерек Шовин қолы кісенделіп, жерде жатқан Флойдтың мойнына тізесімен отырған. Тұншыққан Флойдтың "Дем ала алмай жатырмын" деуі видеоға түскен. Флойд артынша ауруханаға түсіп, реанимацияда көз жұмған. Америкалықтар полицейдің мұндай әрекеті Флойдтың нәсіліне байланысты деп жаппай шеруге шықты. Шерулер АҚШ-тың өзге қалаларына тарап, әлі тоқтамады. CNN телеарнасының мәліметінше, дәл қазір кемі 40 қалада комендант сағаты енгізілген. Шерушілер 46 жастағы афроамерикалық азаматтың өліміне қатысы бар төрт полицейді соттауды талап етіп жатыр. 

Наразылар көліктер мен дүкендерді өртеп, жергілікті полиция ғимаратына өрт қойды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, наразылардың арасында "Антифа" қозғалысының қанша мүшесі я жақтасы бары әзірге белгісіз. Миннесота штатының қоғамдық қауіпсіздік департаментінің жетекшісі Джон Харрингтонның мәлімдеуінше, сенбі күні қамауға алынған наразылардың 20 пайызы Миннесотаға өзге штаттардан келген. Харрингтонның сөзінше, сенбіден жексенбіге қараған түні қамауға алынғандардың толық тізімі әлі жасалмаған.

Трамп "Антифа" қозғалысын бұған дейін де террористік ұйыммен байланыстырған. Техас сенаторы Тед Круз сияқты өзге де консерватор саясаткерлер де осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

Әзірге Трамп әкімшілігі "Антифа" қозғалысын "террористік" деп тануға қаншалықты кіріскені белгісіз. Егер шынымен бұл мәселені қолға алса президент әкімшілігіне бірқатар федералды агенттіктер арасындағы үйлестіруді қажет ететін ұзақ процедуралардан өтуі тиіс, дейді Reuters.