13 там, 2021 сағат 19:45

Токио Олимпиадасының жеңімпаздарына мемлекеттік наградалар табысталды



Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиаданың жүлдегерлерімен және олардың бапкерлерімен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградалар мен қаржылай сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Елдос Сметов III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Қамшыбек Қонқабаев, Сәкен Бибосынов, Игорь Сон, Софья Берульцева, Дархан Асаділов, Нұрислам Санаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Салтанатты іс-шараға барлық жүлдегер мен бапкерлер, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

«Ардақты әлеумет, биылғы Олимпиада спорт тарихындағы айрықша бәсеке болғаны анық. Бүкіл әлем алапат індетпен күресіп жатқанда жарысты ұйымдастыру оңайға соққан жоқ. Спортшылардың сайысқа дайындығы да біршама өзгерді. Олимпиада уақыты 1 жылға кейінге шегерілді. Осындай сындарлы сәтте сынға түскен сіздердің ерік-жігерлеріңізді ерекше атап өткен жөн. Олимпиаданың бірінші күні Елдос Сметов алғашқы жүлдені қоржынға салса, жарыстың соңына қарай Софья Берульцева ұлттық құрамның Токиодағы жорығын түйіндеді. Ауыр атлеттеріміз Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшыларымыз Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, балуан Нұрислам Санаев пен таэквондошы Дархан Асаділов жанкүйерлерді жүлдемен қуантты. Сіздер мемлекеттің намысы мен абырой, мерейі мен мәртебесін сынға түскен жаһандық жарыста жан аяп қалған жоқсыздар. Қанша жылдық еңбекпен келген жүлделеріңіз құтты болсын», - деді Қырымбек Көшербаев салтанатты шарада. 

Сондай-ақ, жиында Мемлекеттік хатшы Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін анық көрсеткенін атап өтіп, спорт саласына шұғыл реформа қажет екенін айтты. Бірде-бір спортшымыздың алтын не күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы елдігімізге сын болғанына тоқталды.

– Ең әуелі, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен, спортпен айналысуын қамтамасыз ету қажет. Өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасамай, ірі жарыстарда жетістікке жетеміз деу әбестік. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы спорт мектептері мен үйірмелердің жағдайына терең талдау жасалып, оларды қолдаудың кешенді жоспары әзірленуі тиіс. Халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуын дамытқан дұрыс. Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттырсақ, одан сапа шығады. Бұл да кезек күттірмей, жедел қолға алатын шаруаның негізгісі, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Мемлекеттік наградамен қатар, жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтқанда, Олимпиада жүлдегерлеріне 31 млн теңге, ал жаттықтырушыларға 25 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. 

Айта кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы Жарлығының шыққаны хабарланған болатын.