Шымкенттегі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде өрт болып, қою түтін басқан терезеден шығуға тырысқан ер адамды өрт сөндірушілер автосатының көмегімен құтқарып қалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қалалық ТЖД мәліметінше, өрт кезінде автосаты мен үш бөлімді саты арқылы бес адам құтқарылған. Қалған келушілер өрт сөндірушілер келгенге дейін өздері ғимараттан шығып үлгерген.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан ер адамның қою түтін шығып жатқан терезе жақтауынан ұстап тұрғанын көруге болады. Бірнеше минуттан кейін құтқарушылар саты арқылы көтеріліп, оған төмен түсуге көмектескен.
«Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында бес адам құтқарылды, олардың өміріне қауіп жоқ. Өрт қысқа мерзім ішінде ауыздықталып, толық сөндірілді», – делінген хабарламада.
Құтқарылған ер адамның туыстары желіде ол ТРЦ ішіндегі фитнес залда спортпен шұғылданып жүргенін, түтінге толған бөлмеде қалып қойғанын жазды:
«Ештеңе көрінбеді. Ол бұл жақта терезе барын білетін, көзін жұмып сол жерден шығып үлгерді. Қазір ауруханада, жағдайы жақсы», – деді жақындары.
