18 қыр, 2019 сағат 17:32

Роман Скляр вице-премьер қызметіне тағайындалды

Роман Скляр Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Роман Васильевич Cкляр 1971 жылы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген.

Экономист және заңтану мамандықтары бойынша Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген.

1989-1990 жылдар аралығында «Екібастұзкөміравтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасының монтажшы-слесары, «Казпромтехмонтаж» өндірістік-монтаждау басқармасының Екібастұз құрылыс басқармасының монтажшысы болып жұмыс істеген. 1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен. 2002-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің өтеуге шамасы келмейтін қарыздарымен жұмыс жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу басқарма бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары. 2006-2007 жылдары Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі. 2007-2008 жылдары Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары. 2010 жылғы қазаннан бастап 2011 жылғы мамырға дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек еткен. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі.

2014-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті. 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің VІ шақырылымында «Нұр Отан» партиясынан депутат болып сайланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болды. Сол жылғы мамырда ҚР экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2017-2019 жылдары ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.

2019 жылғы ақпаннан бері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарып келді.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.