24 қаз, 2019 сағат 09:47

Президенттің кадр резерві: «Әлеуетті бағалау» кезеңіне 549 үміткер өтті

«Президенттік Жастар кадр резервіне» іріктеудің «Әлеуетті бағалау» кезеңіне 549 қатысушы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова айтып берді.

«Ашықтық үшін іріктеуге қатысушылар туралы ақпарат баршаға қолжетімді. Іріктеудің әр кезеңінен кейін келесі кезеңге өткендердің тізімін жариялаймыз. «Әлеуетті бағалау» кезеңі 2019 жылдың 22 қазаны - 3 қарашасы аралығында өтеді. Бұл кезең 3 бөліктен тұрады: эссе жазу, жобаны таныстыру және құзыретті бағалау. Эссе жазу мен жобаларды таныстыру да pkrezerv.kz автоматтандырылған жүйесінде онлайн жүргізіледі», - деді агенттік басшысы Үкімет үйінде өткен баспасөз қызметінде.

«Әлеуетті бағалау» кезеңінен кейін сарапшылармен сұхбат өтеді. Оған алдыңғы кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жіберіледі. Одан кейін Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен табысты өткен әр үміткермен жеке әңгімелеседі. Соның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған кандидаттарды Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылдайды.

Атап өткен жөн, іріктеудің кейінгі кезеңдеріне жіберілетін кандидаттардың шекті саны белгіленген. Атап айтқанда, тестілеу верификациясына 1000 адам ғана жіберіледі. Келесі кезең - әлеуетті бағалауға - 600 адам, сараптамалық комиссияда сұхбаттасуға - 400 адам, соңғы Ұлттық комиссия отырысында - 330 адамның нәтижесі қаралады.