15 мам, 2025 сағат 16:58

PGL Major Astana 2025 турниріндегі жанжалға қатысты Спорт және туризм министрлігі жауап берді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрлігі порножұлдыздың елордадағы киберспорт турниріне шақырылуына байланысты жарияланымдарға жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.

10-18 мамыр аралығында Астанада PGL Major Astana 2025 халықаралық жарысы өтуде. Іс-шараға порноактриса Ева Эльфи (нағыз аты – Юлия Романова) шақырылған. Мұны актрисаның өзі де әлеуметтік желіде хабарлады.

Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстанға порножұлдызды шақырған шенеуніктерге наразылықтарын білдірді.

Спорт және туризм министрлігі тек жалпы спорттық үдерісті бақылау, техникалық талаптардың сақталуын және елдегі халықаралық спорттық турнирлердің қауіпсіз әрі заң шеңберінде өтуін қадағалауды қамтамасыз ететінін атап өтті.

"Аталған киберспорттық турнирді Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырмағанын ресми түрде мәлімдейміз. Турнирді ұйымдастыру және өткізу функцияларын халықаралық тәуелсіз киберспорт ұйымы — PGL Esports жүзеге асыруда. Турнирді өткізуге байланысты шешімдер, оның ішінде қонақтар мен арнайы тұлғаларды шақыру – ұйымдастырушылардың дербес құзыретінде", - деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.