05 мам, 2025 сағат 16:15

Дінтанушы: Отқа май құю дәстүрі дезинфикциялау үшін жасалған


Фото: ДИНАРАЖУНУСОВА/facebook

Дінтанушы Мұхан Исахан депутат Ардақ Назаровтың отқа май құю дәстүрінің шариғатқа қарсы екенін айтқан пікіріне қатысты өз уәжін жеткізді, деп хабарлайды Ult.kz

Дінтанушы facebook парақшасында отқа май құю дәстүрі аурудың алдын алу, бактерияларды жою үшін жасалған ғұрып екенін жеткізеді.

"Дінтанушы болған соң, кейде қазақтың ырым-тиымдарының астарына үңілеміз. Соның бірі, депутат А.Назаров хадиске теріс деп санаған - отқа май құю дәстүрі. Мәжусилік нанымында жарықты жақсылықтың нышаны деп қарастырып, отқа культ ретінде қарау түсінігі қалыптасқан. Көбісі қазақтың ырым-тиымындағы отқа май құю дәстүрін осы зороастаризм сенімінің сарқыншағы деп ойлайды. Бірақ, әсте олай емес. Себебі...
 Ескі заманда емшілер кейбір оба, топалаң, аусыл секілді ауруларды от жағып, бактериясын өлтіріп, жұқпалы дерттен жұртты айықтырған. Әсіресе, осы күнге дейін оба дертінің емі табылған емес. Оба шыққан жерді қазіргі медицинаның өзі өртеп жіберіп, пәлекеттен құтылады. Атам Қазақ аусыл, топалаңға ұшыраған малды алаулаған оттың ішінен айдап өткізіп, бактериясын өлтіріп, ауруынан емдеген. Тап сол тәрізді отқа май құю дәстүрі дезинфикциялау үшін жасалған. Бір елге бөтен адам келгенде, өзімен бірге аурудың бактериясын әкелген болса, бөгделер зиян көріп жүрмесін деп оны отпен аластаған. Келін түскенде, май құюмен отты алаулатып жағып, босағадан оң аяғымен аттаттырып, шаңыраққа кіргізген. Бұл қазақ халқының медициналық-профилактикалық ем шарасы", -деп отыр Мұхан Исахан.


Сөзін түйіндеген ол "Ырым-тиымдар хадиспен үйлесім табуы керек" деген Ардақ Назаровтың сөзіне: "Алла Елшісі (с.ғ.с): "Үш нәрседе пайда бар: хижама, бал шәрбаты, отпен күйдіру. Бірақ зәрулік болмаса, отен күйдірмеген жөн" (Бұқари, Тиб/3) - дейді.  Демек, отқа май құю хадиске қайшы емес!" -дегенді айтқан.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ақылға қонымды ырым-тыйымдар болса қолдайтынын, ал егер шариғатқа сәйкес емес, әр түрлі зиян келтіретін ақылға қонымсыз ырым-тыйымдар болса қолдамайтынын айтқан. 

"Мәселен, отқа май құю дейміз. Тағы қайсын айтсақ болады? Көп қой енді ырымдар… Біздегі ырым-тыйымдардың көбісі хадистермен байланысты екен. Яғни біздің Ислам дінімен біте қайнасып кеткен ырым-тыйымдар өте көп екен.Соңғы кезде соны оқып таңғалдым. Мысалы, табалдырықта тұрмау, есікті кермеу сияқты ырым-тыйымдар түп негізі хадиске негізделген екен",- деген болатын Ардақ Назаров.