06 сәу, 2026 сағат 15:54

Отбасылы әйел адамның еркіндігі қандай?

Фото: Pinterest

Мен саяхаттап жүрген кезде “еркіндігіңізге қызығамын” деген хат көп аламын. Бір келіншектің телефонына жолдасы оның қаладағы қозғалысын бақылау қосымшасын білдіртпей орнатқан. Бір келіншекке күйеуі әлеуметтік желі жүргізуге тыйым салған. Мысал өте көп. Бірақ отбасылы болу — әйел адамның еркіндігі шектелетін уақыт болды дегенді білдірмейді.

Әйел адамның отбасындағы еркіндігі келесі жағдайлардан көрінеді.

Тұрмыстағы әйел өз өміріне қатысты негізгі шешімдерді өзі қабылдауы керек. Жұмыс істеу, оқу, тұрақты дамып отыру және  құрбыларымен көрісу, төркініне қатынап тұру маңызды. Шешімді өзі қабылдап, тек екі ортадағы баланы қарау мәселесіне орай қалай, қашан іске асыратынын ғана жолдасымен ақылдасуы міндетті. Бұл жерде “рұқсат сұрау” емес, өзара келісім болғаны жақсы.

Әйел адамның отбасылық шешімдерге араласуы, естілуі, оның қажеттіліктері мен қалауының ескерілуі, өзінің жеке уақытының болуы, тұлға ретінде қалыптасу үшін барлық қажет әрекеттерді отбасылық өмірмен қатар қысымсыз, шектеусіз іске асыруы да еркін өмір сүріп жатқандығының айғағы.

Ал қорқынышпен, қысыммен өмір сүретін жерде, арман-мақсаты, қалаулары отбасы тұтастығы үшін құрбан болған үйде әйел бақытсыз. Отанасы бақытсыз жерде тұтас шаңырақ бақытсыз деуге болады.

Пайым

Әр адам еркін болуы тиіс. Бірақ отбасы ең алдымен жауапкершілік. Жауапкершілік бола тұра, отбасыға қатысты міндеттер орындала тұра әйелдің жеке болмысы, таңдауы, армандары тең сақталуы тиіс.
Өйткені бақытты отбасы — өз болмысын жоғалтпаған, өз арман-мақсаттарын іске асырып жүрген екі адамның саналы таңдауы.

Динара Болат