28 нау, 2025 сағат 12:48

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы «Әлқисса-Нұрғиса» концертімен басталады

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

2025 жылдың 1 сәуірінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Орталық концерт залында көрнекті композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса-Нұрғиса» мерейтойлық концерті өтеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс-шараны Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйымдастырады.

Кеште «Отырар сазы» академиялық-фольклорлы этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Азамат Жылтыркөзов, Нұржан Жанпейісов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Феруза Рахметова, Артур Ғабдиев, Расул Жармағамбет, Даяна Тілендиева мен танымал әнші Қазыбек Құрайыш және Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Халық әртісі Абзал Мұхитдин мен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы өнер көрсетеді.  

Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов.

Дара тұлғаның мерейтойы ел шеңберінде ғана емес, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сияқты халықаралық ұйымдардың деңгейінде аталып өтеді.

Концертте еліміздің ең үздік әртістері өнер көрсетеді. Кеште Нұрғиса Тілендиевтің әндері орындалып, қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылар шырқалады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары халықтың ыстық ықыласына бөленген әндерді тыңдай алады. Концертте ерекше бағдарламалар ұсынылады.

Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесі орасан зор. Оның шығармалары ел мәдениетінің асыл мұрасына айналды.