11 қар, 2020 сағат 09:14

Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер Дулат Ағаділдің ұлын пышақтап өлтірген

Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданының Болашақ көшесінде жастар төбелесіп, салдарынан 17 жастағы бозбала көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиғаның болғаны туралы хабарлама 102 нөміріне 10 қараша түнгі сағат 22.56 кезінде түскен. Полиция қызметкерлері келгенде бір топ жастардың арасында туындаған жанжал төбелеске ұласып, 2 адам дене жарақатын алған.

«Екі адам дене жарақатын алған. Олардың бірі 17 жастағы Ж.Ағаділ пышақ жарақатын алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Қазір осы оқиға бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі мен 293-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқандардың барлығын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ұсталғандар тергеліп жатыр», - деді департаменттен.

Еске салайық, биыл ақпанда қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қайтыс болғаны хабарланған еді. Ол сотқа құрметсіздік танытты және судьяға балағат сөздер айтты деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Кейін прокуратурадағылар Ағаділдің өліміне оған қойылған асқынған миокард инфаркты диагнозы себеп болғанын және оның мас болғанын мәлімдеді.