19 ақп, 2018 сағат 21:07

Назарбаев мектебіне түсу үшін MC Сайлаубек туралы сынақ тапсыру керек пе? (видео)

Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскісі келетін талапкер түсініксіз тілде ән айтатын атыраулық «әнші» МС Сайлаубек туралы білуі тиіс. Өйткені, оқу орнына түсуге арналған тест кітапшасында "қазақ рэпері" туралы сұрақ кездеседі, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі sn.kz порталына сілтеме жасап.

Бұған әрине сенгіміз келмейді. Өйткені, аты дардай мектепте нағыз зияткерлер оқуы тиіс-тін. Алайда, Facebook әлеуметтік желісінде пайда болған видеоны көргеннен кейін амал жоқ, илануымызға тура келді.

Желіге аталған видеоны Киікбай Жақыпұлы есімді азамат жүктеген. Камераға түсірген адам бұл тест кітапшасы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсушілерге арналғанын және ол қазақ тілі пәнінен екенін айтқан, айтып қана қоймай, мұқабаны жақын планмен көрсеткен.

Оқулықты Серікболсын Дүйсембай мен Қазбек Сағидолда жазған. Кітап 2018 жылы жарық көрген.

Сынақ кітапшасында алдымен Сайлаубек туралы қысқаша мәлімет беріліп, кейін тест сұрағы келтіріледі. Онда: «МС Сайлаубкетің жұлдыз болуына не әсер етті?» делінген және төрт жауап берілген.

Аталған видеоны мыңдаған адам көріп, мұны барып тұрған бассыздық, қазақ балаларына қасақана жасалып жатқан қастандық екенін жазуда. Есте болса, қоғам белсенділері бұған дейін де Білім және ғылым министрлігінің реформаларын қатаң сынға алып, оларды ұлт болашағына төнген қауіп деп бағалаған еді.

Іле-шала МС Сайлаубектің есімін оқу құралына енгізген авторлардың бірі өз қатесін мойындап, елден кешірім сұрады.

– Бұл негізі дайындыққа арналған мәтін еді. Ал мәтіндерді біз әртүрлі орталықтан жинап, баспаға жібереміз. Сонда дайындыққа арналған мәтіннің бір бөлігін жібергенімізде материалдық базадағы осы мәтін де кетіп қалыпты. Оны кітап шыққан соң бірақ байқадық. Бұл жағдайдан кейін қатемізді ескеріп, келесі басылымнан Сайлаубек туралы мәліметті алып тастадық. Біздің мақсатымыз – Сайлаубекті насихаттау емес, оқушыларды дайындау. Былтыр шығарғанымызда мұндай болмаған еді, биыл келеңсіз жағдайға тап болдық. Өз қатемізді мойындаймыз. Бұл оқу құралында қамтылған 400 сұрақтың бірі ғана болса да, кешірім сұраймыз. Елден биік емеспіз, - деді Қазбек Сағидолда.

Фэйсбук әлеуметтік желісінде сынақ кітапшасының екінші авторы да жауап берген. Ол орын алған жайтқа қатысты өз пікірін білдіріп, мұндай қоғамнан "шаршағанын" және елге оралғысы келмейтінін де жеткізген.