ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин Петропавлдағы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аясындағы көрмені аралап көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталмыш форумға қатысу үшін Петропавлға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барды. Солтүстік Қазақстан облысына, сондай-ақ РФ Президенті Владимир Путин бастаған делегация сапармен келді.
Қазақстан мен Ресей басшылары екі мемлекеттің туризм саласын дамытудың жаңа жоспарлары мен перспективаларына арналған көрмеге барды.
Көрмеге қазақстандық және ресейлік компаниялардың екі ел тұрғындарына арналған ауқымды туристік өнімдері қойылған.
Күтіліп отырғандай, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтетін пленарлық отырыста екі елдің туризмін дамыту мәселелері талқыланады.
Форум аясында Қазақстан мен Ресейдің ведомство өкілдері, облыс басшылары туристік саланың әлеуеті жөнінде таныстырылымдар өткізеді. Осыдан кейін қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылатыны жоспарланған.
Қазақстан мен Ресейде туризмді дамытуға арналған көрмеге еліміздің барлық өңірі, көрші мемлекеттің 11 аймағы, сондай-ақ жетекші туроператорлар қатысуда. Шара барысында бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.