29 қыр, 2020 сағат 13:11

Мәскеуде оқушылардың күзгі каникулы екі аптаға созылады

Мәскеуде мектеп оқушылары 5-18 қазан аралығында демалысқа жіберіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Қызметі мен құзыретін Мәскеу қаласының атқарушы органдары жүзеге асыратын жалпы бастауыш, жалпы негізгі, жалпы орта, қосымша білім беретін және спорттық дайындық ұйымдарының оқушылары үшін каникул 2020 жылдың 5 қазанынан бастап, 18 қазанды қоса алғандағы аралықта белгіленсін», - делінген құжат мәтінінде. 

Мәскеу мэрі Сергей Собянин өз блогында мәлім еткендей, бұл ретте қаладағы балабақшалар бұрынғы режимде жұмыс істеуін жалғастыра береді. Құжатта атап өтілгендей, дүйсенбіден бастап балалардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған мекемелерге бару екі аптаға тоқтатылды. 

«Қазанның 5-інен бастап Мәскеудің көптеген мектептерінде жоспарлы күзгі каникул басталады. Тағы біраз мектепте олар сәл кейінірек басталып, әдетте бір аптаға созылады. Санитарлық дәрігерлердің кеңесі бойынша, күз мезгілінде тұмау ауруының өршуі себебімен және ковид вирусына шалдығу оқиғалары өсімін есепке ала отырып, мен күзгі каникулды екі аптаға дейін созу шешімін қабылдадым», - деп түсіндірді өз сөзінде Мәскеу мэрі.

25 қыркүйекте Мәскеу билігі 65 жастан асқандар мен созылмалы аурумен ауыратындар және аяғы ауыр әйелдерге үйден шықпауға кеңес берген. Қала мэрі үйден шыққан зейнеткерлерге айыппұл салмауға да уәде берген. Ірі кәсіпорын қызметкерлеріне қашықтан істеуге кеңес берілді. Мәскеуде дүкендер мен қоғамдық көлікте адамдар маска тағып жүруге міндетті.

 

"Открытые медиа" сайтының жазуынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты Ресей билігі карантин шараларын енгізу мәселесін талқылап жатыр. Егер бір күнде анықталған науқастар саны 10 мыңнан асса және жаңа науқастар саны жазылғандардан көп болса, карантин енгізіледі.

 

28 қыркүйекте Ресейде бір күнде 8135 адамнан коронавирус табылған. Маусым айынан бері бір күнде осынша көп науқас анықталмаған. Бір күнде 61 адам коронавирустан қайтыс болған. Індет басталғалы бері 20 385 адам көз жұмған. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 1,2 млн-нан асқан. Ресей коронавирус ауруына шалдыққандар саны жағынан әлемде АҚШ, Үндістан, Бразилиядан кейін төртінші орында тұр.