Ш.Шаяхметов атындағы «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ұлттық ғылыми-практикалықорталығының ұйымдастыруымен «Латын графикалы кеңістіктегі жарнама сауаттылығы» атты республикалық онлайн семинар өтті.
Онлайн семинарда орфографиялық топ мүшелері әзірлеген «Графикалық кеңістіктегі жарнама» нұсқаулығы талқыға салынды. Сарапшы мамандар тарапынан жарнама сауаттылығына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныс пікірлер айтылды. «Тіл-Қазына» орталығының атқарушы директоры Ербол Тілеш:
- Жарнаманың сауатты болғаны жөн, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана емес, мазмұнға да керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе, ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді. Жарнама тілі жаңа әліпбиге көшкенде түзелер деген үлкен үміт бар. Осы онлайн семинар алдағы орасан жұмыстардың басы» - деп атап өтті.
«Ұлан» газетінің редакторы Жұлдыз Әбділда:
- Жұрт кітап оқымауы мүмкін, газет-журналға жазылмауы мүмкін, бірақ көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, көрген соң оқиды. Визуал дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды» екендігін айта отырып: «Жарнама берушілерден сауатты мәтін талап ету, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болуын талап ету, түзетпеген жағдайда жауапкершілікке тартып, айыппұл салу жағын қарастырған дұрыс» – деген ұсыныс айтты.
Сондай-ақ, онлайн семинарда жарнама мәтінін сөзбе-сөз аудармай, тіл заңдылығын сақтай отырып, тілге жеңіл, айтуға оңай етіп беру жағын орнықтыру мәселесін көтерді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Айнұр Сейтбекова кирилл жазуымен болған жарнама мәтіндеріндегі кемшіліктерді қайта болдырмаудың жолдарын іздестіріп, қоғамның жаңа әліпбиді жарнама ісінде сауатты пайдалануына жағдай жасалу қажеттігін, ал ондай қажетті қадам жаңа емле бойынша жарнама мәтіндерінің бірізді жазылуына бағытталған осындай нұсқаулықтар мен анықтағыштар екендігін атап өтті.
Онлайн семинарға Алматы облысының Тіл оқу-әдістемелік орталығының, Солтүстік Қазақстан Облысы "Тілдерді оқыту орталығының», Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының, ШҚО Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің, Қарағанды облысының тілді дамыту жөніндегі басқармасының, Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшылары мен мамандары қатысты.