06 қаз, 2020 сағат 07:13

Қырғызстан Президенті елдегі саяси күштерді ақылға келуге шақырды

Қырғызстан Президенті Сооробай Жээнбеков елдегі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Толғанай Стамалиева мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қырғызстанның Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков жағдайды қадағалап, барлық саяси күштердің ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, қоғамның жікке бөлінуіне, ел азаматтарын алаңдататын басқа да мәселелердің болуына жол бермейтініне сенім білдірді. 

Ол елді заң аясындағы өмірге қайтару үшін бар күшін салып отыр. Бірінші кезекте, бұл алдыңғы күндері елде өткен парламенттік сайлау қорытындыларына қатысты.

Қырғыз елінің басшысы қалыптасқан жағдайды есепке ала отырып, елдің Орталық сайлау комиссиясына заңбұзушылықтармен байланысты материалдардың барлығын жан-жақты зерттеуге кеңес берді.

Бұл ретте ол Парламент сайлауының нәтижелерін жоққа шығаруға болатынын да жеткізді. 

Өкінішке қарай, қырғызстандықтар бұған дейін екі халық көтерілісін бастан өткізген және бейбіт өмір мен тұрақтылықтың құнын біледі. Сондықтан Президент Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта елде бейбітшілік салтанат құруы үшін бар күшін салатын болады.

Мемлекет басшысы елдің барлық саяси күштерін Қырғызстан және оның азаматтарын ақылға келуге шақырып отыр. Қазіргі кезде президент Бішкек қаласында жүр.