Алматыда аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Хамитов видеосы арқылы билік өкілдеріне белсенді түрде бағынбауға шақырған. Сотталушы Хамитов жасаған әрекетін толық мойындады. Қуат Хамитов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, алты айға бас бостандығын шектеу туралы үкім тағайындалды", - деді судья.
Шешім шығару барысында сот Хамитовтың жасаған қылмысының сипаты мен қауіптілік дәрежесін, жеке басының деректерін, қылмыс жасағанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын ескеріп, кінәсін толық мойындағанын, оның бұрын сотты болмағанын ескерді.
Бұған дейін Хамитов соттағы соңғы сөзін айтты. Ол өзіне қандай үкім шықса да жекпе-жекке қатысуы үшін шетелге шығуға рұқсат сұрады.
"Ел намысын қорғап жүргеннен кейін менің алға қойған мақсатым, жоспарым бар. Сот қандай жаза кессе де, мен үшін ең бастысы шетелге шығуға мүмкіндік берсе болды", - деді Хамитов.
Айта кетейік, Алмалы ауданы сотында Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі ("билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру") негізінде Қуат Хамитовке қатысты қылмыстық іс қаралды.
Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді.
Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты.
"Дезинфекция туралы тарап кеткен видеоға қатысты айтарым, ол – қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын. Ондай әрекет істеуге ешкімді шақырған емеспін және ондай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - деді Хамитов.