ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қырғызстан тауларында қиын жағдайға тап болған Қазақстан альпинистеріне қатысты жайтқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылдың 17 тамызында Бішкектегі қазақстандық консулдыққа Қазақстанның 3 альпинисі Тянь-Шань тауының (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) Победа шыңында жоғалып кеткендігі туралы ақпарат түсті. Қазақстан азаматтары Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулиннің 4 тамыз күні Победа шыңына сапарлап шыққандығы анықталды. Олардың барлығы да кәсіби және тәжірибелі альпинистер. 14 тамызда альпинстер аталған шыңды бағындырған. Сол күні ауа райы нашарлап кеткен», - деді Айбек Смадияров.
Министрлік мәліметінше, альпинистер 15 тамыз күні шамамен сағат 08-15-те соңғы рет байланысқа шығып, орын алған жайтқа қатысты дабыл қаққан. Сондай-ақ, олар А.Чечулиннің қаза тапқандығын естірткен. Альпинистер дабыл қаққан сәтте олар 6 900 метр биіктікте болған. Шатырлары мен жабдықтарын жел ұшырып кеткен. Олар қардан шұңқыр қазып, соған жасырынғандықтарын айтқан.
«Дипломаттарымыз жедел түрде болған оқиға жайында Қырғызстан ТЖМ-і мен Қазақстан ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің кезекшілік бөліміне хабар берген. 18 тамызда аталған жорықты ұйымдастырған туристік компанияға тиесілі тікұшақ 18 тамыз күні альпинистер жоғалған болжамды ауданды шолу үшін екі рет әуеге көтерілді. Өкінішке орай, нәтиже жоқ. Себебі тауда бірнеше рет көшкін жүріп, аталған ауданды қар басып қалған», - деді министрліктен.
Ведомство ақпаратына сәйкес, құтқару операциясына аталған таулы аймақта тікұшақтың не бәрі 4 500 метрде ғана ұшуына рұқсат берілуі, сонымен қатар қолайсыз ауа райы кедергі келтіруде. Қазіргі уақытта Қазақстан елшілігінде жедел штаб құрылып, ол жоғалған альпинистерді іздеуге барынша көмек көрсетіп жатыр. Дипломаттар Қазақстан мен Қырғызстанның құзіретті органдарымен және жоғалған альпинистердің туыстарымен тұрақты байланысқа шығып отыр. Консуль мен М.Өтепбаевтың туыстары түнімен Елшілікте болып, үйлестіру мәселелерін бірлесіп қарастырды. Қырғыз аумағында Қазақстан тікұшақтарының ұшуына рұқсатты ұйымдастыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазақстан тікұшақтары жоғалғандарды іздеуге көмекке шақырылған Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің кәсіби альпинистер тобын жеткізетін болады. Бір іздеу тобына танымал альпинисші Мақсұт Жұмаев жетекшілік ететіндігі жоспарланған.
Қазақстан Сырты істер министрлігі альпинистерді іздеу жұмыстарын ерекше бақылауында ұстап отыр. ҚР ІІМ ТЖК және Қорғаныс министрліктерімен бірге қырғыз тарапымен жедел жұмыстарды жүргізіп жатыр.