Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік бағыттан іскерлік және туризм орталығына айналып келеді. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) VIII жаһандық саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемдік деңгейдегі мұндай ірі шара Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Біз үшін – бұл үлкен мәртебе. Өткен жылдары бұл саммит Сеул қаласында, Куала-Лумпурде, Ыстанбұлда және Барселонада өткен болатын. Жалпы, елордамыздың қалыптасуы мен дамуы Елбасымен тығыз байланысты. 21 жылда елорданың аумағы үш есеге артты. Халық саны кезінде 280 мың болса, қазір 1 миллионнан асып түсті. Нұр-Сұлтан жастар қаласы болып саналады. Мұнда халықтың 700 мыңға жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен бірге, елордамыз әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналып келеді», - деді А. Көлгінов самитте.
Қала басшысының айтуынша, бұл саммит елорданың ғана емес, әлем қалаларының жаһандық дамуындағы маңызды шара болмақ.
«Адамзаттың болашағы қалалармен тығыз байланысты. Жаһандану – жаппай туризмдегі кедергілерді жоюдың басты құралы. Туристерді көптеп тарту үшін қала жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз және тұрғындардың күнделікті өмірін жайлылықпен қамтамасыз етудеміз. Еуропа қалаларының үздік тәжірибесін алдық, қауіпсіздік, логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ стандарттарына негізделген «ақылды қала» тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз», - деді әкім.
Айта кетейік, елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) қала туризміне қатысты VIII жаһандық саммиті басталды. Онда ақылды қалаларды дамыту арқылы қаланың өзекті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен технологиялар тақырыптары талқыланбақ.
Шара барысында ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын әлемнің ТОП-50 тартымды туристік бағытына енгізу көзделіп отырғанын атап өтті.