15 қаң, 2019 сағат 12:08

"Көктем мерекесі": Астанада қытай жаңа жылына арналған фотокөрме ашылды

Бұл фотолардың авторлары әртүрлі. Себебі мұнда бірнеше елден жиналған түрлі фото бар. Біреулер мерекені тойлау барысында тұшпара түйіп жатса, екіншісі арыстандар биін билеуде. Біреулер батпыруықпен ойнаса, тағы біреулер отшашу ұйымдастырып жатыр. 

Биыл Қытай жаңа жылы 2 ақпанда басталады. Осы айрықша күнге орай Қытай Халық Республикасының елшілігі мен Қазақстанның Ұлттық музейі бірлесе «Көктем мерекесі» фотокөрмесін ұйымдастырды.

Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдиннің айтуынша, елшілік пен Ұлттық музей өткен жылда 6 фотокөрме ұйымдастырған. 2019 жылдағы елшіліктің алғашқы көрмесі шығыс күнтізбесі бойынша қытайлықтардың жаңа жыл – көктем мерекесіне арналды.

«Ұлттық музей осы уақытқа дейін қытай елшілігімен бірлесіп, бірнеше шара атқарды. Былтырғы жылдың өзінде 6 бөлімнен тұратын «Таңғажайып Қытай» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Міне, бүгінде қыстың қақ ортасында тұрып, көктем туралы айту қызық әрі сағыныш сезімін оятады. Бұл – табиғат мерекесі. Қытайлықтар көктем мен қыс кездескен кезде ескіні шығарып салып, жаңаны қарсы алады. Табиғат ананың беретін сыйына алғыс айтады екен. Яғни көктем мерекесі Қытай өркениеті мен табиғаты арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. Бүгінгі көрме нақ осы тақырыпқа арналған. Осы орайда, біздің елшілікпен музей, мәдени ынтымақтастығымыз әрі қарай жалғасады деген үміттенемін», - деді директордың орынбасары көрменің ашылуында.

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның айтуынша, қытайлықтардың жаңа жыл мерекесі – Чунь Цзенің төрт мың жылдық тарихы бар.

«Бүгінгі көрмеміз қытай жаңа жылы Чунь Цзеге – көктем мерекесіне арналады. Қытайда Чунь Цзенің төрт мың жылдан астам тарихы бар. Бұл мереке – қытайлықтар үшін ең ерекше, көңілді, сүйікті, салтанатты мейрамдарының бірі. Жай мереке ғана емес, ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі. Чунь Цземен байланысты түрлі аңыз бар. Ал бүгінгі көрмеміз – әлем елдерінің «Көктем мерекесін» қалай атап өтетінін баяндайтын ерекше көрме», - деп түсіндірді көрменің мәнін елші.