Режиссёр Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» көркем фильмі 41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивестивалінде Гран-при жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бұл - еліміздің беделі жоғары МХКФ конкурсының тарихында алған тұңғыш марапаты! Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен «Қазақфильм» студиясында түсірілген. Фильм сценариі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» шығармасының негізінде жазылған. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Әулие Георгийді» Шәріповке қазылар алқасының төрағасы, атақты режиссёр Ким Ки Дук тапсырды», - деп жазды министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлы өз жазбасында Фархат Шәріповты құттықтады.
Әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін бастан кешіп жүрген банк қызметкері Қанаттың өмірбаянын баяндайды. Оның еш арманы да, өмірден күтері де жоқ. Алайда бір күні Қанат тұлғалық қалыптасу, көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне тап болады.
«Фильмнің жарыққа шығуына ықпал еткен барша адамға алғыс айтамын. Алдымен отбасыма мың алғыс. Сол себепті бұл жеңісімді әкеме арнаймын. Ал фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермендеріне көп рахмет», - деді МХКФ лауреаты Фархат Шәріпов ағынан жарылып.
Еске сала кетсек, аталмыш фильмнің тұсаукесері осы жылдың қаңтар айында өткен еді. Отандық прокатқа шығып қойған кинотуынды Алматыда түсірілген. Басты рөлде Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов ойнайды, сондай-ақ фильмге Гүлжамал Қазақбаева, Әсел Қалиева, Филипп Волошин және басқа да актерлер түскен.