Фото: ҚР ТСМ
Астана қаласындағы №45 мектепте еліміздегі дзюдодан алғашқы мамандандырылған мектеп залы салтанатты түрде ашылды. Жоба мектеп спортын дамыту мақсатында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және спорт ұйымдарының бірлесуімен жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) өкілдері, «Жеңіс» спорт клубының мүшелері, сондай-ақ дзюдодан ұлттық құрама спортшылары, Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Әбиба Әбужақынова мен Ғұсман Қырғызбаев қатысты.
Жоба Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) өзара ынтымақтастығы және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен іске асырылып жатқан Judo in Schools («Мектептегі дзюдо») бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, әдістемелік негізі бар мектеп дзюдо залдарының желісін кезең-кезеңімен қалыптастыруды көздейді.
Алғашқы кезеңде №45 мектептің («Келешек мектебі») дзюдо залы толықтай заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталып, оқушыларға арналған арнайы инвентарь мен дзюдо кимонолары тегін табысталды.
Сонымен қатар салтанатты шара барысында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» спорт клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат мектеп спортын дамыту бағытында тараптардың жүйелі әрі тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасында тарихи алтын медаль жеңіп алуынан кейін бұл спорт түріне деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Қазіргі таңда елімізде дзюдомен шамамен 90 мың адам айналысады, ал спортшыларды даярлаумен 1300-ге жуық жаттықтырушы шұғылданады.
