Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнадағы «Қазақстан аумағы - Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді.
Сондай-ақ, кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді.
ҚР СІМ ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтуде және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады.
Ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды.
Еске салайық, бұған дейін ресейлік "Бірінші арна" эфирінде Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан туралы айтқан сөзі желіде тараған еді. Депутат эфир барысында Қазақстан деген ел болмады деген еді.
"Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде қоныстанбаған. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы", - деген еді Никонов "Большая игра" бағдарламасында.