Қазақстан Азов теңізіндегі шиеленісті одан ары ушықтырмауға шақырды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан Азов теңізінде орын алған жайтқа байланысты алаңдаушылық танытады. Керчь бұғазы арқылы азаматтық кемелердің өтуінің қайта жаңғыруын қолдаймыз. Біз тараптарды барынша жауапкершілік танытып, жағдайдың одан ары ушығуына жол бермеуге шақырамыз. Ең алдымен мұндай жайттардың алдын алу және реттеу тетіктері қажет», - деді Айбек Смадияров.
Сонымен қатар СІМ өкілі екі тараптың арасында сенімді қалпына келтіру қажеттігіне баса назар аударды.
«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін кеңестер барысында орын алған жайтты талқыламақ. Қазақстан өз кезегінде Азов теңізіндегі жағдайды одан ары ушықтырмауға бағытталған ұсыныстарды қолдайтын болады», - деді Айбек Смадияров.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Украина мен Ресейдің өтінішімен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді.
Еске салсақ, Ресей шекарашылары Қара теңізде Украина әскери-теңіз күштерінің «Бердянск», «Никополь» және «Яны Капу» кемелерін ұстады. РФ Федералдық Қауіпсіздік қызметінің қоғаммен байланыс орталығы мәліметінше, украиналық кемелер Ресейдің территориалдық теңіз аумағында «заңсыз әрекет жасамақ болған» және қозғалысты дереу тоқтату туралы талаптарды орындамаған.
Ал Украинформ ақпаратына сәйкес, ресейлік әскерилер Керчь бұғазында Украина Әскери теңіз күштеріне тиесілі үш кеменің қозғалысына тосқауыл қойып, оларға оқ жаудырған.