Қазақ қоғамында «дәстүр» деген ұғымның салмағы ауыр. Ол – ұлттың жадын, болмысын, рухани өзегін сақтайтын құндылық. Алайда уақыт өте келе кейбір келеңсіз әрекеттер де сол «дәстүр» деген атпен бүркемеленіп, ақталуға тырысатыны жасырын емес. Соның бірі – қыз алып қашу.
Бүгінде заң жүзінде қылмыс деп танылған бұл әрекет төңірегіндегі пікірталас толастаған емес. Ал шын мәнінде, бұл құбылыстың тарихи тамыры қандай? Қазақ мұны расымен де дәстүр санаған ба?
Этнограф Тәттігүл Картаеваның айтуынша, қызды күштеп алып қашу қазақ қоғамында ешқашан қалыпты дәстүр болмаған.
«Қызды басып алып қашу – қылмыстық іс. Қазақ мұндай әрекетті «бата бұзу» деп атаған. Бұл – тек екі жастың емес, екі әулеттің арасындағы келісімді аяққа таптау деген сөз», – дейді Тәттігүл Картаева.
Байырғы қазақ қоғамында мұндай істер билер сотында қаралып, кінәлі тарап жауапқа тартылған. Яғни, қыз тағдыры ешқашан елеусіз қалмаған.
Көне дәуірдегі «қашып кету» оқиғаларын бүгінгі «алып қашумен» шатастыруға болмайды. Этнографтың түсіндіруінше, бұрынғы заманда орын алған жағдайлардың басым бөлігі – өзара келісімге негізделген.
Сүйгеніне қосыла алмаған жастар кейде қоғам қысымынан қашып, өз еркімен бас қосқан. Ал қызды күшпен алып кету тек соғыс, шапқыншылық жағдайларында ғана кездескен.
Қазақтың әдеттік құқық жүйесі де бұл мәселеге бейжай қарамаған. Қыз алып қашу фактілері билердің алдында қаралып, нақты айыптар белгіленген.
Егер жігіт жағы қызды ескертусіз алып қашса, айып көлемі ауыр болған. Ал алдын ала келісімдер орындалса, жаза жеңілдеген. Кей жағдайда дау үш жақтың қатысуымен шешіліп, материалдық өтеммен реттелген.
Бұл – қазақ қоғамында әділдік пен жауапкершіліктің қатар жүргенін көрсетеді.
Қазақтың ғашықтық жырлары да бұл тақырыпты айналып өтпейді. «Еңлік-Кебек» дастанында екі жастың махаббаты руаралық тартыстың құрбанына айналады. Ал «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасында кейіпкер өз таңдауын жасап, сүйгенімен бірге кетеді.
Бұл мысалдардың бәрінде бастысы – зорлық емес, таңдау мен сезім.
Қыз алып қашуға қатысты «өз еркіммен келдім» деген тілхат жаздыру тәжірибесі кейінгі кезеңдерде қалыптасқан. Әсіресе өткен ғасырдың орта тұсындағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар той дәстүріне де әсер етті.
Құда түсуге шамасы келмеген жастар кейде келісіммен қосылып, кейін қыз жағына хабар жіберген. Сол кезде тілхат – амалсыздан туған «дәлелдің» бір түрі болған.
Қазіргі таңда да қыз алып қашу фактілерінің кездесуі – қоғамдағы қайшылықтардың көрінісі. Сарапшылар мұны көбіне үйлену тойларындағы шектен тыс ысыраппен байланыстырады.
Этнографтың пікірінше, мәселенің түп-төркіні дәстүрдің өзінде емес, оны бұрмалауда.
«Некелесуде ата салтымызды сақтап, екі жақ келісіп, қызды батамен ұзатқан дұрыс. Алып қашудың алдын алу – ысырапшылдықпен күресуден басталады», – дейді маман.
Қыз алып қашу тарихта да, бүгін де ақталмайтын әрекет. Оны дәстүр деп дәріптеу шындықты бұрмалау.
Ұлттың рухани болмысын сақтау ең алдымен адам құқығын құрметтеуден басталады.
