20 жел, 2019 сағат 11:14

Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуге қатысты пікір білдірді

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды» деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті кирилицаны латынға жай ғана ауыстыру төңірегінде сөз болып отырмағандығын айтты.

«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.