20 нау, 2019 сағат 10:19

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді (Фото, видео)

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Үкімет мүшелерінің қатысуымен Қазақстан халқына ант берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы сәттен бастап ол Президент қызметіне ресми түрде кiрiскен болып саналады.



Қазақстан Республикасының Туы мен Конституциясы бірлескен отырыс өтетін залға салтанатты түрде жеткізілді. Залға жиналғандар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ду қол шапалақпен қарсы алды. 

Қазақстан Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Контитуцияның 42-бабына сәйкес Президент өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшетінін мәлімдеді. Осыдан кейін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып, салтанатты түрде ел халқына ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ, Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігі, омырауға тағатын белгісі және байрағы, «Алтын қыран» ордені тапсырылды.


«ҚР Конституциясының 48-бабына сәйкес, Сізге Президент куәлігін, омырауға тағатын белгісін және байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсыруға рұқсат етіңіз», - деді ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев. 

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті ретінде алғашқы сөзін сөйледі.

"Аса қадірлі Елбасы, құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, құрметті отандастар! Кеше наурыздың 19 наурыз барша әлем жұртшылығы аса маңызды тарихи оқиғаға куә болды. Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы, ұлы тұлға, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен мемлекет басшысы өкілеттігін тапсырды. Елбасының бұл жігерлі шешімі оның жаһандық деңгейдегі және тарихи ауқымдағы саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті", - деді Тоқаев.

Ол Қазақстанның жетістіктері тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болғанын айтты.

"Елбасы Кеңес одағының күйреген қалдықтарынан қалған аса күрделі геосаяи жағдайда жаңа мемлекеттің іргесін қалады және оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан, мемлекетті барша әлем мойындаған табыстарға жеткізді. Дүниежүзі картасында қарқынды даму, демократия, келісім мен бейбіт өмірдің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды", - деді жаңа президент.

Айта кетейік, бірлескен отырысқа ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, Сенат депутаттары, Мәжіліс депутаттары қатысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Бейжің лингвистикалық институтын (ҚХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. ҚР Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі, Үшінші, төртінші сайланымдағы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысы қызметтерін атқарған. 2013 жылғы 16 қазанда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Сенат Төрағасы болып сайланды.



2017 жылғы 14 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының отырысында Президенттің ұсынысы бойынша жасырын дауыс беру арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сенаттың Төрағасы болып қайтадан сайланды.